Трамп пен Путиннің арнайы өкілдері Мәскеуде кездесті

Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф

АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф сәрсенбі күні Мәскеуде Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен кездесті. Олардың Кремльдегі саябақта кетіп бара жатқаны көрінетін видеоны ресейлік мемлекеттік ақпарат құралдары жариялады.

Уиткофф Мәскеуге сәрсенбі, 6 тамызда таңертең келген. Оның ұшағы Внуково әуежайына қонды. Ол бүгін Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі деген болжам бар. Кремль ақпаратты ресми түрде растамады.

Трамп өкілі АҚШ президентінің Мәскеуге қойған ультиматумының мерзімі аяқталайын деген шақта Ресейге барып отыр. Трамп Ресейден Украинадағы атысты дереу тоқтатуды талап еткен, талабы орындалмаса, ресейлік тауарлар мен Ресеймен сауда-саттық жасайтын елдердің тауарларына жүз пайыздық баж салығын енгізетінін ескерткен.

Сейсенбі күні Трамп журналистерге баж салығы міндетті түрде 100 пайыз болады деп ескертпегенін жеткізді. Оның сөзінше, жаңа шектеу туралы түпкілікті шешім Уиткоффтың Мәскеуге сапарынан кейін қабылданады. Ол Украинадағы соғысты тоқтатудан әлі де үмітті.

"Кейінгі бес айда бес соғысты тоқтаттым. Алтыншысы осы болғанын қалар едім" деді сейсенбі күні ол журналистерге.

Вашингтон Мәскеу мен Киевтен атысты шартсыз тоқтатуды талап етеді. Украина президенті Владимир Зеленский мамырдан бері соған дайын екенін айтып келеді. Ресей атысты тоқтату үшін бірқатар шарт қойған, арасында үзіліс кезінде Украинаға қару-жарақ жеткізбеу туралы талап та бар.