Еуроодақ Қытайға санкция салуға дайындалып жатыр деп жазды Politico. Брюссельдегі дипломатиялық дереккөзге сүйенген басылым бұған Пекиннің Ресейдің Украинаға қарсы ашқан соғысын қолдауы себеп болып отырғанын атап өтті.
Шілде айында Reuters "өнеркәсіптік тоңазытқыш қондырғыларын тасымалдайтын" жалған компаниялар Ресейге дронға арналған қытайлық қозғалтқыштарды жасырын тасымалдағанын жазған еді.
Politico-ның дереккөзі Reuters мәліметінің "анық" екенін және нақты жағдайда Қытайдың "рөлі күшейгенін" айтқан.
"Қытай қолдамағанда қазір соғыстағы ахуал мүлде басқаша болар еді" деді дереккөз.
Еуроодақтың 15 елі аталған мәліметтерді алға тартып, Пекиннен түсініктеме сұраған. Қытай не өзінің қатысы барын жоққа шығарған немесе түсініктемеден мүлде бас тартқан.
Санкция тамыздан кейін салынады деп жоспарланып отыр. Дегенмен ЕО елдері Пекинмен диалогтан да мүлде бас тартып отырған жоқ.
"Коммерсант"-тың жазуынша, ЕО-ның шілде айында мақұлданған Ресейге қарсы 18-санкция пакетінде Ресеймен сауда жасаған жеті қытайлық компанияның аты аталады. Бұған қоса, қытайлық Suifenhe Rural Commercial Bank және Heihe Rural Commercial Bank банктері де бар. Қытай билігі айыптауларды негізсіз деп атап, өзінің құрылымдарының құқықтары мен мүддесін қорғау үшін жауап беретінін айтқан.