АҚШ кей елдердің азаматтарына виза берерде ірі көлемде кепіл жарнамасын талап етпек

АҚШ шетел азаматтарына туристік және бизнес визаларын берерде 15 мың долларға дейін кепіл жарнамасын талап етеді. Бұл келушілердің виза мерзімі аяқталғанда АҚШ аумағынан кетуіне кепілдік болмақ. Мұны дүйсенбі күні Мемлекеттік департамент мәлімдеді.

Виза алушылардан 5 мыңнан 15 мың долларға дейін кепіл жарнасы алынады. Бұл сома шетел азаматтары АҚШ-тан кеткенде қайтарылады. Кепіл жарнасының көлемін АҚШ консулдықтары анықтайды. Болжам бойынша, жарнаның орташа көлемі 10 мың доллар болмақ.

Бұл талап АҚШ көші-қон заңын жиі бұзатын азаматтардың елдеріне және құжат беру кезінде тексеру амалдарын дұрыс жүргізбейді деген мемлекеттердің азаматтарына қойылады. Сондай-ақ кепіл жарнасы АҚШ-тың сыртқы саясаттағы мүдделеріне қарай да қойыла береді.

Мемлекеттік департамент әлі бұл талап қойылатын елдер тізімін жариялаған жоқ. Баспасөз құралдарының жазуынша, тізімге Чад, Эритрея, Гаити, Мьянма, Йемен, Джибуту, Бурунди және Того елдері кіруі ықтимал.

Бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің заңсыз миграциямен күрес жөніндегі қадамдарының бірі ретінде қарастырылады. Маусым айында Трамп ұлттық қауіпсіздік мақсатында 19 елдің азаматтарына елге кіруге жартылай немесе толықтай тыйым салатын жарлыққа қол қойған. АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігінің дерегінше, 2023 жылы 500 мың шетелдік азамат виза мерзімі аяқталғаннан кейін елден шықпай қалған.

Жаңа ереже 20 тамызда күшіне енеді.