Израиль Газада гуманитарлық көмекке мұқтаждықты жеңілдету үшін аймақты жеке сауда-саттық үшін ішінара ашпақ. Бұл туралы Израиль қорғаныс министрлігінің Палестина жеріндегі азаматтық істерге жауапты қызметі мәлімдеді.
"Қорғаныс органдары механизмді әзірлеу аясында санаулы жергілікті саудагерлерді мақұлдады. Оларға бірқатар талап қойылып, қатаң тексеруден өтеді" деді қорғаныс министрлігінің қызметі.
Газа аймағындағы палестиналық ХАМАС қарулы тобымен (Еуроодақ пен АҚШ бұл топты террор ұйымы деп таныған) 22 ай бойы соғысып келе жатқан Израиль 2 наурызда аймақты толықты бөгеп тастады да, мамыр айында АҚШ қолдаған жеке агенттікке азық-түлік тарату орталықтарын ашуға рұқсат беріп, құрсауды ішінара ашты.
БҰҰ сарапшылары соғыстан әбден титықтаған Газа аймағында аштық күшейгенін мәлімдеген соң, өткен айда араб және Еуропа елдеріне әуеден гуманитарлық көмек тастауға рұқсат етілді.
Израиль қорғаныс министрлігіне қарасты агенттіктің мәлімдеуінше, жекеменшік сектор арқылы жеткізілетін тауарға ақы банк төлемдері төленеді, ол төлемдер Израиль әскерінің қатаң бақылауынан өтеді. Агенттік бұл шара осы іске ХАМАС-тың араласуына жол бермеу үшін қажеп деп отыр.
COGAT мәлімдемесінде жекеменшік сектор арқылы жеткізілетін тауарлар бақылаудағы банктік аударымдар арқылы төленетіні және ХАМАС террорлық ұйымының араласуын болдырмау үшін Израиль әскері мұқият тексеретінін айтылған.
Жаңа механизм бойынша рұқсат етілген тауарлар қатарына азық-түлік, жеміс-жидек, көкөніс, нәрестелерге арналған құрғақ сүт және гигиеналық заттар кіреді.
AFP жаңалығы.