Израильдің барлау қызметі "Моссадтың", қауіпсіздік қызметі "Шабактың" және өзге де құпия органдарының 550-ден астам бұрынғы қызметкері АҚШ президенті Дональд Трампқа ашық хат жазып, Израиль премьері Биньямин Нетаньяхуға ықпал етіп, Газа аймағындағы соғысты аяқтауға үлес қосуды сұрады.
"Біздің кәсіби көзқарасымыз бойынша, ХАМАС енді Израиль үшін стратегиялық қауіп көзі емес" деп келтірді хат мәтінін AFP агенттігі.
"Шабактың" бұрынғы басшысы Ами Айалон видеоүндеу жолдап, онда: "Әуелі бұл әділетті қорғаныс соғысы болды. Бірақ әскери мақсатымызға қол жеткізген соң, соғыс [әділетті болудан] қалды" деді. Оның сөзінше, 23 айға ұласқан қақтығыс "Израильдің қауіпсіздігіне де, болмысына да" нұқсан келтіріп отыр.
Хатқа қол қойғандар арасында: "Моссадтың" бұрынғы басшылары Тамир Пардо, Эфраим Халеви, Дани Ятом; "Шабактың" бұрынғы басшылары Ами Айалон, Надав Аргаман, Йорам Коэн, Яаков Пери, Карми Гилон; ЦАХАЛ бас штабының бұрынғы басшылары, экс-премьер Эхуд Барак, бұрынғы қорғаныс министрі Моше Яалон және генерал Дан Халуц бар.
Хат авторларының жазуынша, Израиль әскері қол жеткізуге болатын мақсат-міндеттерін орындап қойған: ХАМАС-тың әскери инфрақұрылымын істен шығарған, оның Газадағы басшыларының көзін жойған.
"Үшінші және ең маңызды мақсат кепілге алынғандардың бәрін қайтару болса, оған тек келісім арқылы ғана қол жеткізуге болады" дейді авторлар. "ХАМАС-тың қалған басшыларын қудалауды одан кейін де жалғастыруға болады".
Олардың сөзінше, Трамптың израильдықтар арасында беделі зор, сол себепті ол Нетаньяхуға ықпал ете алады.
Хатқа қол қоюшылардың айтуынша, атыс тоқтаған соң, АҚШ басшысы аймақтық коалицияның құрылуына және Палестина автономиясын қайта құрылымдауға үлес қоса алады. Ал өз кезегінде Палестина автономиясы ХАМАС билеп келген Газа аймағын бақылауға алар еді дейді олар. АҚШ пен Еуроодақ ХАМАС-ты террор ұйымы деп таныған.
Осы күндері Израильге халықаралық қысым күшейіп отыр. Атысты тоқтату, Газа аймағына гуманитарлық көмекті кіргізу, ХАМАС қолындағы тұтқындарды қайтару жөнінде үндеулер жиіледі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Газадағы ахуал қандай?