Хасан Қасымбаев есімді азаматтың үстінен қозғалған іс аяқталып, сотқа жолданды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады. Қазақстан баспасөз құралдары Қасымбаевтың "Хутор" қылмыстық тобымен байланыстырған.
Алматы облысы прокуратурасының ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабына қарағанда, Алматы облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы Хасан Қасымбаев пен өзге тұлғалардың үстінен қозғалған істі аяқтап, 21 шілде күні іс құжаттарын облыс прокуратурасына жолдаған. Ал прокуратура өз кезегінде 29 шілде күні айыптау актісін бекіткен де, істі Талғар аудандық сотына берген.
ҚазАқпараттың хабарлауынша, Қасымбаевтың үстінен қозғалған іс аясында адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау фактілері бойынша тергеу амалдары жүрген.
Хасан Қасымбаев былтыр қарашада үш жылғы бұрынғы қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен қамауға алынған. Баспасөз құралдарының жазуынша, аталған қылмыс 2021 жылы болған, ол бойынша бес адам сотталған.
"Хутор" деген қылмыстық топтың БАҚ бетінде аталуы Алматы облысы Талғар қаласында Шерзат Полат дейтін жасөспірімнің кісі қолынан қаза табуынан соң жиіледі. Сол кезде осы топқа қатысы бар деп Қасымбаевты атағандар көп болған.
Биыл маусымда 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі бойынша тоғыз адам түрме жазасына кесілді.
Әлеуметтік желіде өлімге "Хутор" қылмыстық тобының қатысы болуы мүмкін, оның артында жергілікті кәсіпкер Хасан Қасымбаев тұруы ықтимал деген болжамдар айтылды. Ішкі істер министрлі мұндай қылмыстық топтың барын жоққа шығарды. Бірақ бір айдан соң Қасымбаевты қамауға алды. Оның бауыры Аслан Қасымбаев Шерзат Полаттың өлімінен соң Талғар ауданы аппаратының жетекшісі қызметінен босатылды.
Былтыр Orda.kz басылымы Хасан Қасымбаевпен болған сұхбатты жариялады. Онда Қасымбаев: "ешқандай заң бұзбағанын, сотталмағанын, адал еңбек еткенін айтқан".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Топ болып адам өлтіру көрініп тұрса да…" Шерзат Полат ісінің үкімі әділ болды ма?